Полицейлер медицина мекемелерінің басшыларымен қауіпсіздік мәселелерін талқылады
Абай облысында полицейлер медицина мекемелерінің басшыларымен қауіпсіздік мәселелерін талқылады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында өңірдің денсаулық сақтау субъектілерінің басшыларымен жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шараға күзет қызметін бақылау бөлімі, экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы және киберқылмыстарға қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері қатысты.
Кездесудің басты мақсаты — денсаулық сақтау нысандарының ғимараттарында және оларға іргелес аумақтарда пациенттердің, медицина қызметкерлерінің және келушілердің тәртіп ережелерін түсіндіру болды. Сондай-ақ террористік қауіп төнген жағдайда құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл жасау алгоритмі мен медицина мекемелерін күзетпен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Күзет қызметін бақылау бөлімінің өкілі медицина ұйымдарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жекеменшік күзет құрылымдарына қойылатын талаптарды егжей-тегжейлі түсіндірді. Лицензиялау, жарақтандыру, төтенше жағдайлардағы күзетшілердің әрекет ету тәртібі және ішкі құжаттаманы жүргізу тәртібі мәселелері қозғалды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері интернет-алаяқтықтың алдын алу және ақпараттық қауіпсіздік шараларының маңыздылығын еске салды. Кездесу барысында қатысушыларға интернеттегі алаяқтықтың кең таралған схемалары мен киберқауіптерден қорғану жолдары туралы ақпарат берілді.
Аталған кездесу - әлеуметтік маңызы бар нысандардың қауіпсіздігін күшейтуге және ықтимал қауіп-қатерлерге ден қою дайындығын арттыруға бағытталған профилактикалық шаралар кешенінің бір бөлігі.