Полицейлер мотоцикл жүргізушілерін жолда сақ болуға шақырады
Полицейлер мотоцикл жүргізушілерін жолда сақ болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мотокөлік жүргізушілері арасындағы құқық бұзушылықтарды анықтау мақсатында патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күшейтілген іс-шаралар атқаруда.
Мотокөліктерді міндетті тіркеу туралы заң күшіне енгеніне және үнемі түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанына қарамастан, полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін әлі де анықтап келеді.
Мәселен, Атырауда түнгі уақытта қала тұрғындары мотокөліктердің шектен тыс қатты дыбыс шығаратын жүйесіне жиі шағымданады. Бұл жүйелер техникалық талаптарға сәйкес келмейді. Сонымен қатар мотокөлік жүргізушілерінің қауіпті маневрлер жасап, қарсы қозғалыс жолағына шығу, бағдаршамның тыйым салатын сигналына қарамастан жолды кесіп өту секілді әрекеттеріне байланысты да шағымдар түсуде.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында Атырауда “Белсенді азаматтар 06” Telegram чаты ашылған. Бүгінде бұл чатқа 26 мыңнан астам қолданушы тіркелген. Жергілікті тұрғындар тарапынан қала мен облыс аумағында жасалып жатқан құқық бұзушылықтар туралы ақпараттар күнделікті жолданып отырады. Барлық хабарлама жедел түрде қаралады. Аталған чаттың көмегімен жол қозғалысы ережелерін бұзған жүргізушілердің жеке тұлғасы шұғыл анықталып, оларға қатысты тиісті шаралар қабылданады.
Осы ретте, патрульдік полиция батальонының қызметкерлері жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға және заңнама талаптарын бұзбауға шақырады.