Полицейлер мүлде құжат алмаған тұрғынды құжаттандырды
Түркістан облысында полицейлер мүлде құжат алмаған тұрғынды құжаттандырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
56 жастағы Әуез Абдикаимовтың туылғаннан бері төл құжаты болмаған. Жалғыз басты әке бес баласын асырау мақсатында ауылдан ауылға әркімнің жалдамалы мал бақташысы болып жұмыс жасап жүре берген. Осы оқиғаға байланысты Сарыағаш аудандық полиция бөлімі Көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Димаш Абдуманапов және осы бөлімнің бас маманы Маржан Омарова аудан орталығынан 100 шақырым шетте тұратын азаматқа төл құжатын рәсімдеп берді.
Тәртіп сақшыларының атқарған қызметтеріне көңілі толған Әуәз ағамыз: – Мен, Әуез Абдикаймов, жұбайым қайтыс болып кеткен. Бес баланың әкесімін. Бала-шағама аз да болса жәрдем болсын деп, көмектесу мақсатында мал бағып жүрмін. Аудан орталығына баруға жағдайым болмады. Өзімде төлқұжат алуды ойлап жүрген едім. Зейнетке шығар уақытымда жақындап қалды. Осы орайда көмек берген полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз. Елеп-ескеріп, өздері келіп құжаттарымды рәсімдеп берді. Алғысым шексіз, – деп жылы лебізін білдірді.
Осы орайда айта кететін жайт, Сарыағаш ауданының полиция қызметкерлері карантин режиміне қарамастан құжаттанбаған тұрғындарға көмек беруге дайын. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.