Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер өрт шыққан пәтерде ес-түссіз қалған ер адам мен жас баланы құтқарды

Ақмола облысының тәртіп сақшылары өрт ішінен ес-түссіз жатқан ер адам мен баланың өмірін құтқарып қалды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

23 наурызда сағат 17:28-де Көкшетау қаласының Юбилейный шағын ауданындағы бес қабатты тұрғын үйде өрт шыққаны туралы 102 нөміріне шұғыл қоңырау түсті. Оқиға орнына санаулы минуттар ішінде жеткен учаскелік полиция инспекторы Сағындық Құрмантаев көршілердің абыржып, пәтердің есігін ашуға тырысып жатқанын көрді. Іштегі тыныштық бәрін алаңдатты. Сол сәтте үй ауласында тұрған қарт кісі көмек сұрай келіп, іште оның ұлы мен немересі қалып қойғанын, ал өзінде кілт жоғын айтты.

Көп ұзамай есік ашылып, Сағындық Құрмантаев дымқыл шүберекпен тынысын жауып, қою түтіннің ішіне батыл кірді. Пәтердің дәлізінен ол есінен танып қалған, 8 жасар баланы тауып алып, дереу сыртқа алып шықты. Артынша ішке қайта кірген полиция қызметкері түтін арасында жатқан ересек ер адамды байқады. Оған көмектесуге көмекші ретінде кинолог, кіші сержант Артем Шмидт пен патрульдік қызмет өкілдері жетті. Қалың түтінге қарамастан, тәртіп сақшылары ер адамды қауіпсіз жерге шығарып, алғашқы көмек көрсетті.

Арада көп уақыт өтпей өрт сөндірушілер келіп, жалынды толық ауыздықтап, пәтердегі түтінді сыртқа шығарды. Полицейлер мен жедел әрекет еткен көршілердің арқасында қос бірдей адамның өмірі аман қалды.

Қырағылық пен батылдық танытқан көршілерге полиция қызметкерлері алғыстарын білдірді. Қазіргі таңда құтқарылған әке мен бала аурухананың жансақтау бөлімінде дәрігерлердің бақылауында. Полицейлер оларға тезірек сауығып кетуін тілеп отыр.

Бұл оқиға бірліктің, жанкештіліктің және жедел әрекеттің нақты көрінісіне айналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру