Полицейлер қатерлі ісікке шалдыққан балалар үшін қан тапсырды
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті аппараты мен департаментке қарасты түзеу мекемелері мен күзет және қадағалау бөлімінің жеке құрамы қатерлі ісікке шалдыққан балалар үшін қан тапсырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Департаментке қарасты мекемелердің жеке құрамы әрдайым осындай қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады. Обыр ауруы бүкіл дүние жүзінің халқын алаңдатып отырған кесел. Біздің елімізде де қатерлі ісікке шалдыққандар саны аз емес. Ең өкініштісі балалардың да осы бір қауіпті аурудың уысына түсетіні. Бұл жолы осындай кеселге ұшыраған балалар үшін қан тапсырып, қайырымдылық жасауды ұйғардық, – дейді Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті басшысының орынбасары Е.Ұзақов.
Қан тапсыру кезінде коронавирустың алдын алу талаптары қатаң сақталды. Алматы қалалық Қан құю орталығының дәрігер-трансфузиологы Н.Дильманов, лаборант Ж.Жанбыршы және эксфузионист Н.Аблхаирова жеке құрамнан қан алу барысында сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, қауіпті дерттің алдын алу жолдары жайлы әңгімеледі. Аталған қайырымдылық шарасы кезінде 100-ден астам қызметкер қан тапсырды.