Полицейлер шымкенттік оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді
Полицейлер шымкенттік оқушыларға қауіпсіздік сабағын өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкенттегі Ақпан батыр атындағы №10 мектепте полиция қызметкерлері 150 оқушыға арналған кең ауқымды қауіпсіздік сабағын ұйымдастырды. Кездесу барысында тәртіп сақшылары балаларға қолданыстағы заңнама туралы түсіндіріп, қоғамдық тәртіп пен жеке қауіпсіздікті сақтаудың маңызын атап өтті.
Сабақ аясында оқушыларға BalaZan – балалық шақтан заң жолымен атты анимациялық фильм көрсетілді. Балаларға әділдік, жауапкершілік және құқықтық мәдениет туралы негізгі түсініктер жеңіл де қызықты форматта жеткізілді. Көрсетілімнен кейін полицейлер оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, дұрыс шешім қабылдау түрлі қауіп-қатерден сақтайтын негізгі дағдылардың бірі екенін мысалдар арқылы түсіндірді.
Тәртіп сақшылары оқушылардың назарын жол қауіпсіздігіне ерекше аударды. Жолды кесіп өту тәртібі, көлік қозғалысы көп учаскелерде қауіпсіз жүріп-тұру ережелері, қараңғы уақытта жарық шағылыстырғыш элементтерді қолдану — барлығы балаларға нақты түсіндірілді.
Сонымен бірге "Пиротехника" жедел-профилактикалық іс-шарасына байланысты мамандар сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың аса қауіпті екенін ескертіп, оларды қолданбауға шақырды.
Сабақ барысында цифрлық қауіпсіздік те назардан тыс қалмады. Полицейлер интернеттегі жеке деректерді қорғау, бейтаныс адамдардан келген хабарламаларға сақтықпен қарау және күмәнді онлайн-жазбаларға жауап бермеу керектігін түсіндірді. Буллингтің алдын алу, бір-біріне құрметпен қарау, әлеуметтік желілердегі жауапкершілік мәселелері де талқыланды.
Кездесу соңында тәртіп сақшылары оқушыларды әрдайым мұқият болуға, өз қауіпсіздігін бағалауға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
