Полицейлер шымкенттік тұрғынның жоғалған телефонын тауып берді
Полицейлер шымкенттік тұрғынның жоғалған телефонын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұялы телефон – ұрылар үшін оңай олжа болып отыр. Гаджеттерді ұрлау – бүгінде жеке мүлікті ұрлаудың ең көп таралған түрлерінің бірі. Сонымен қатар, азаматтар тек телефонынан ғана емес, өздерінің жеке құнды деректерінен де айырылады. Көп жағдайда телефонды ұрлаудың негізгі себебі иелерінің немқұрайлылығы болып келеді.
Мәселен, Қаратау ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын телефонын жоғалтып алғандығын айтып, арызданған. Айтуынша, қаладағы аллеялардың бірінде серуендеп жүріп, орындықта 160 мыңдық телефонын ұмытып кеткен. 15 минут өткен соң телефоны жоғын аңғарған азамат, қайта айналып келгенде таба алмаған.
Анықтау бөлімінің қызметкерлері тез арада іздестіру жұмыстарына кіріскен. Көруі мүмкін деген тұрғындардың барлығынан жауап алынып, аллея маңы мен сол жерлерге орнатылған бейнебақылау камералары толық қаралды. Нәтижесінде, полицейлер жоғалған телефонды сол маңда өтіп бара жатқан жасөсіпірім тауып алып, өзімен бірге алып кеткенін анықтады. Осылайша бас-аяғы 40 минут ішінде телефон заңды иесіне қайтарылды.
Қала тұрғыны Иманғали Ахметов тәртіп сақшыларының жедел әрекет жұмыстарына шынайы ризашылығын білідіріп, алғыс айтты.
Айта өтетін ақпарат, Қаратау ауданы бойынша бір күн ішінде телефон жоғалды деген 5-6 хабарлама түседі. Полицейлер телефонды сенімді қалтаға салып жүруге кеңес береді.