Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер тұрғынның көлігін арықтан шығаруға көмектесті

Түркістан қаласында полицейлер тұрғынның жол жиегіндегі арыққа түсіп кеткен көлігін шығаруға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Әлеуметтік желіде Түркістан қаласы тәртіп сақшыларының жүргізушіге көмек көрсеткені үшін басқа көлікте отырған тұрғынның алғыс айтқаны жөнінде бейнежазба тарап кетті.

Бұл оқиға бойынша нақтырақ айтар болсақ, күндізгі уақытта Түркістан қалалық полиция басқармасының полиция қызметкерлері күнделікті патрульдеу қызметін атқарып жүреді. Кенет Мыңбасы және С.Ерубаев көшелерінің қиылысында жол бойында арыққа «Opel Vectra» автокөлігінің түсіп кеткенін байқайды. Тәртіп сақшылары тез арада сол жүргізушінің қасына жетеді.

Көлігі ойда-жоқта шұңқырға түсіп, абдырап тұрған жүргізушінің жанына барған полицейлер бірден көлікті итеріп, көтеріп шығарады. Осылайша патрульдік полиция қызметкерлері Естай Оспанов пен Руслан Торғауытов қажетті көмектерін көрсетеді.

Полицейлердің әрекетін сырттай көріп отырған тұрғын олардың қамқорлығына, жанашырлығына шынайы алғысын білдіреді. Елдің қорғаны осындай сақшылар барына қуаныштымын деп ризашылығын жеткізген.

Патрульдік полицейлер: – Жүргізушіні көре сала дереу көмек көрсеттік. Ол да көмегімізге өз ризашылығын жеткізді. Желі арқылы бұлай жарияланып кетеді деп ойламаппыз. Бар болғаны қолдан келгенше көмектесу еді, – дейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру