Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер велосипед ұрлаған елордалық азаматты анықтады

Есіл ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері велосипед ұрлады деген күдікпен 31 жастағы қала тұрғынын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Тергеу барысында жігіттің түнгі уақытта сол жақ жағалаудағы тұрғын үй кешендерінің біріне келгені белгілі болды. Ол үйдің кіреберісінде баспалдақ алаңының астында қауіпсіздік құлпымен бекітілген велосипедті байқайды. Жан-жағында ешкім жоқ екеніне көз жеткізген соң, қаскүнем құны 100 мың теңге тұратын Batler велосипедінің құлпын арнайы құралмен күштеп ашып, алып кеткен. Оның екі дөңгелекті көлікті ұрлап бара жатқан сәті бейнекамераларға түсіп қалған.

Аталған фактіге қатысты ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ оның осыған ұқсас тағы екі қылмысқа қатысы бары анықталып, ер азамат жалпы сомасы 430 мың теңге шамасында тұрғындарға шығын келтіргені белгілі болған.

Астана қаласының полиция департаменті велосипед ұрлығына жол бермес үшін велосипедтерді қараусыз қалдырмауға, көрнекті жерге қоюға кеңес береді. Сондай ақ ұрлыққа қарсы қауіпсіздік құлыптарын пайдалануды ұмытпай, көліктерін бейнебақылау камераларының көру аймағында қалдыруды ескертеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру