Полицейлер жанып жатқан үйден зейнеткерді алып шықты
Алматыда полиция қызметкері жанып жатқан үйге кіріп, зейнеткерді алып шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін түнгі үштер шамасында үлкен өрт болды. Қатты өрт Лазарев көшесіндегі жеке үйді шарпыды. Сонымен қатар, ол үйдің ауласында тұрақта тұрған көлікті жоқ қылып жіберді. Өрт кезінде үйде адамдар болған. Бірінші болып көршілер дабыл қақты.
– Біз ояндық, өрт болып жатыр екен. Полиция қызметкері қақпаны қағып, бәрімізді оятты. Біз онымен бірге ауланы айналып жүгірдік. Көршілерге баруға тырысты, олардың терезелерін де сындырды. Ер адамды алып шықты. Қалғанын, өкінішке орай, алып шыға алмады. Себебі бүкіл үйді өрт жаулап алды, – дейді жергілікті тұрғын, оқиғаның куәгері.
– Түнде мен оянып кеттім, себебі дауыстар отшашулар сияқты болды. Терезеге қарасам, өрт шықты. Мен жүгіріп шықтым, көршілеріміз өртеніп жатыр деп ойладым. Сіңілімді оятып, жолға қарай шығып кеттім. Қарасам, полиция көлігі тұр. Шамасы, енді ғана келген. Ол кезде адамдар көп болған жоқ. Полицей құтқаруға жүгірді. Ол отқа оранған үйге жүгіріп кіріп, сол жақтағы атаны құтқарды, – деді жақын маңдағы үйдің тұрғыны.
– Мен аудандық ішкі істер басқармасына келе жатқанмын. Лазарев көшесімен келе жатып, 79- үйдің шатырының астынан жалын шығып жатқанын көрдім. Алдымен мен жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын оятып, оларды топтастырып, қауіпсіз қашықтықта тұруларын сұрадым. Көршісінің ауласы арқылы мен жанып тұрған үйдің ауласына кірдім. Үйдің терезесін сындырып, сол терезе арқылы атаны шығарып алдым. Мен оны «жедел жәрдем» қызметкерлеріне тапсырдым. Өрт толық оқшауланғанға дейін өзім сол жерде болдым, – деді Әуезов аудандық Полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бектемір Қауынбаев.
Өрт кезінде, үйде 71 жастағы ер адам, оның 33 жастағы өгей баласы және 15 жастағы немересі болғандығы анықталды. Өкінішке орай, жасөспірім мен оның ағасы қайтыс болды. Зейнеткердің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
– Полицей – жарады, сасып қалған жоқ. Жүгіріп кетті, мен қорқып кеттім, ол да жанып кетті деп ойладым. Оның әріптестері келді, көптеген адамдар жиналды. Полицей өз өмірі үшін қорыққан жоқ. Жарайсың!- деді жергілікті тұрғын.