Полицейлер жаяу жүргіншілер өткелінде екі әйелді қағып кеткен жүргізушіні ұстады
Полицейлер жаяу жүргіншілер өткелінде екі әйелді қағып кеткен жүргізушіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
8 қыркүйек сағат 15.00 шамасында «Mercedes-Benz» автокөлігінің жүргізушісі Талдықорған қаласындағы Қабанбай батыр көшесінен Ақын Сара көшесіне бұрылу барысында, жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан 70 және 56 жастағы екі жергілікті тұрғынды қағып, оқиға орнынан қашып кеткен. Зардап шеккендер түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді.
Бір тәулік ішінде полиция қызметкерлері Қарабұлақ ауылының тұрғыны болып табылатын 49 жастағы жүргізуші мен автокөліктің тұрған жерін анықтады. Жүргізуші ұсталып, автокөлік айыппұл тұрағына қойылды.
Ұсталған сәтте жүргізуші орташа масаң күйде болған. Ол жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орынынан қашып кеткенін толық мойындады. Жүргізуші бұл қылығының себебін соққыға жығылғандықтан деп түсіндірді.
Медициналық мекемеден амбулаторлық емделуге көшірілген жәбірленушілердің бірі күдіктіні тез қолға түсіргені үшін полицейлерге шын жүректен алғысын білдірді. Екінші зардап шеккен азаматша ауруханада емделуін жалғастыруда.
Аталған дерек ҚР ҚК-нің 345-бабының 1-бөлігі және 347-бап (Абайсызда адамның денсаулығына ауырлығы орташа зиян келтiруге әкеп соққан көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу), (Жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тергелуде.