Полицейлер жезқазғандық оқушыларға есірткінің зияны туралы айтты
Полицейлер жезқазғандық оқушыларға есірткінің зияны туралы айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жезқазған қаласындағы №26 жалпы білім беретін мектепте полиция қызметкерлері оқушылармен кездесу өткізіп, есірткі заттарының зияны туралы айтты.
Іс-шараның мақсаты – жасөспірімдерге есірткінің қауіпті екенін түсіндіру, құқықтық мәдениетін арттыру және оларды қауіптен сақтандыру.
Сабақ барысында полиция инспекторлары есірткі заттарының адам ағзасына, психикалық денсаулығына және болашағына тигізетін зияны туралы нақты мысалдармен түсіндіріп берді. Сонымен қатар, күмәнді адамдардың ұсынысына ермеу, бейтаныс заттарды қабылдамау және күдік тудыратын жағдайларда бірден ата-аналарға немесе полицияға хабарлау керектігі ескертілді.
– Есірткі – адамның өмірі мен болашағын құртып жіберетін қауіпті жол. Одан сақтанудың ең тиімді жолы – қызығушылық танытпау және күмәнді ұсыныстардан алшақ жүру, – деді инспектор.
Кездесу соңында оқушылар салауатты өмір салтын қалыптастыру, зиянды әдеттерден аулақ болу және дұрыс таңдау жасаудың маңызы туралы пайдалы кеңестер алды.
Мұндай профилактикалық кездесулер Жезқазғандағы барлық мектептерде тұрақты түрде өткізіліп келеді. Мақсат – жасөспірімдер арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және есірткіге қарсы иммунитет қалыптастыру.