Полицейлер жүргізушілерді жолда сақ болуға шақырады
СҚО-да полицейлер жүргізушілерді жолда барынша сақ болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысында биылғы бірінші жартыжылдықта республикалық маңызы бар жолдарда 42 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апаттар салдарынан 11 адам көз жұмып, 76 адам түрлі дене жарақатын алды. Жол апаттарының басты себептерінің бірі – жүргізушілердің шаршауы мен рөлде ұйықтап кетуі.
Жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері медицина мамандарымен бірлесіп, арнайы акция өткізді. Түнгі уақытта олар жүргізушілерге жедел жәрдем көлігіне кіріп, қан қысымын тексеруге, салқын сумен сергіп немесе ыстық шай ішуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар еңбек және демалыс режимін сақтау қажеттілігі ескертілді. Қажет болған жағдайда жүргізушілерге жақын маңдағы кемпингке дейін ілесіп баруға көмектесті.
- Негізгі назар жүк көліктері мен жолаушылар тасымалдайтын жүргізушілерге аударылды. Іс-шаралар Астана - Петропавл және Жезқазған - Петропавл бағытында түнгі және таңғы уақыттарда жүргізілді. Өйткені дәл осы сағаттарда рөлде ұйықтап кету қаупі жоғары. Барлық жүргізушіні жолда сақ болуға шақырамыз, - СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Әлібек Ғабдуллин.
Полицейлер жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру - "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасын іске асырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.