Полицейлерді марапаттау рәсімі өтті
Маңғыстау облысының Полиция департаментінде полицейлерді марапаттау рәсімі өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ведомство басшысы Жанарбек Бақтыбаев бірқатар полиция қызметкерлерін медальдармен, грамоталармен және алғыс хаттармен марапаттады.
Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдың 3 желтоқсанында Жаңаөзен қаласында екінші деңгейлі банктердің бірінің бөлімшесінің жанында инкассаторлық машинаға шабуыл жасалды.
Қылмыскерлер 76 миллион теңгені алып, оқиға орнынан жеңіл автокөлікпен қашып кеткен.
Маңғыстау облысының аумағында жасалған ауыр қылмысты ашу кезінде көрсеткен кәсіби шеберлігі және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін Жанарбек Төлеубекұлы Криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Н.Мұханбетқалиге Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың атынан «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалін табыс етті.
Сонымен қатар Ж.Бақтыбаев аталған қылмысты ашуға қосқан үлесі үшін Жаңаөзен қаласы ҚПБ жедел уәкілі Б.Тұрдыбаевқа, ПД ҚПБ аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Е.Нысановқа және Жаңаөзен қаласы ҚПБ УПИ тобының учаскелік полиция инспекторы Қ.Қаленовке қол сағаттар табыстады.
Оған қоса, күзет іс-шараларын тиімді ұйымдастырғаны және қызметтік міндеттерін адал атқарғаны үшін ҚР Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы Қ.Қасымовтың өкімімен Маңғыстау облысы ПД А.Булекбаев пен Д.Оразбековке алғыс хаттар табыс етілді.
Ведомство басшысы полицейлерді марапаттарымен құттықтап, күрделі міндеттерін абыроймен атқарғаны үшін алғыс айтты.
– Сіздердің алдағы уақытта да мемлекет пен қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігіне төнетін кез келген қатерге батыл ден қоятыныңызға, алға қойылған барлық міндеттерді лайықты орындайтындарыңызға сенімдімін, – деп атап өтті Жанарбек Бақтыбаев.