Полицейлердің халықаралық өзара іс-қимылының нәтижесінде 8 қашқын ел аумағынан тыс жерде ұсталды
Полицейлердің халықаралық өзара іс-қимылының нәтижесінде 8 қашқын ел аумағынан тыс жерде ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушылық үшін жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету - әділетті мемлекет құрудың басты талаптарының бірі. Бұл ең алдымен, қылмыстық жауапкершіліктен жалтарып жүрген тұлғаларды уақтылы әрі тиімді іздестірумен тығыз байланысты.
- Қылмыскерлерді іздеу жұмыстары тек еліміздің аумағымен шектелмейді. Оларды анықтау және ұстау шетел мемлекеттерінің аумағында да жүзеге асырылады. Халықаралық әріптестермен тығыз өзара іс-қимыл мен үйлестірілген жұмыстың нәтижесінде 2025 жылы Ресей, Армения және Германия елдерінде 8 қылмыскер анықталып, қолға түсті, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітов.
Полиция өкілдері іздестіру қызметіне цифрлық технологияларды кеңінен енгізудің, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен жеке ұйымдардың ақпараттық жүйелерін барынша ықпалдастырудың маңыздылығын атап өтті. Аталған жүйелер іздеуде жүрген тұлғалардың мемлекеттік, банктік, медициналық және көлік қызметтерін пайдалануы жөніндегі мәліметтерді тергеу органдарына жедел түрде жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қылмыскерлерді Отанына экстрадициялау мәселесі заң аясында тұрақты түрде қарастырылып, кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
"Заң және тәртіп" қағидаты ішкі істер органдары қызметінің негізгі ұстанымы болып қала береді. Жедел бөлімшелер қызметкерлерінің үйлесімді әрі кәсіби жұмысының нәтижесінде қашқындардың басым бөлігі ақырында ұсталып, жасалған қылмысы үшін сот алдында жауап береді.
