Полиция 200-ден астам ақмолалыққа үйден құжат алуға көмектесті
Ақмола облысында полиция 200-ден астам тұрғынға үйден құжат алуға көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Ақмола облысының көші-қон қызметі ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың құқықтық мәртебесін анықтап, оларды құжаттандыру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізіп келеді. Құжаттандыру шаралары әсіресе, денсаулық жағдайына байланысты ХҚКО-ға өз бетінше келе алмайтын 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар тұлғалар мен мүмкіндігі шектеулі балалар үшін ұйымдастырылады.
Мәселен, Көкшетау қаласының тұрғыны 2020 жылы туған, церебральды сал ауруы диагнозы қойылған 1-топтағы мүгедек қызға шетелге шығып, емделу мақсатында Қазақстан Республикасы азаматының паспорты қажет болды. Осыған байланысты Көкшетау қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы Жанат Құлмамбетов баланың отбасына барып, қажетті құжаттарды рәсімдеу бойынша қызметтерді үйде көрсетті.
Жалпы алғанда, осы жылы Ақмола облысы бойынша 211 азамат үй жағдайында құжаттандырылды, оның 89-ы Көкшетау қаласында. Үйде қызмет көрсетілгендердің барлығы – 1 және 2 топтағы мүгедектер, сондай-ақ денсаулығына байланысты мемлекеттік қызмет көрсету орталықтарына бара алмайтын балалар мен ересектер.