Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция әлеміне саяхат: Павлодар облысында балаларға экскурсия ұйымдастырылды

Павлодар облысында жергілікті полиция қызметінің өкілдері Кемеңгер мектебінің жанындағы жазғы лагерь тәрбиеленушілеріне ерекше күн сыйлады. Балалар үшін қызықты әрі танымдық экскурсия ұйымдастырылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара барысында балалар жол-патрульдік көлігімен танысып, оның сиренасы мен жыпылықтайтын шамдарын қосуға мүмкіндік алды. Тіпті “Жол ережесін сақтайық!” деген армандаған ұрандарын микрофон арқылы айту да бұйырды. Бұл сәттер балалардың жүздеріне қуаныш сыйлап, әсерлі көңіл-күйге бөледі.

Патрульдік полиция инспекторы Ардақ Жүсіпов балаларға рация, рычаг сынды құрылғылардың не үшін қолданылатынын түсіндіріп, патрульдік көліктің құрылымын таныстырды. Дегенмен, балақайлардың техникалық құралдар жайлы бұрыннан хабардар екені байқалып тұрды.

Жергілікті полиция қызметінің басшысы Нұрлан Нұртаев резеңке таяқ, кісен, қорғаныш каскасы секілді арнайы құралдардың қызметтік маңызын түсіндіріп, олардың полиция қызметіндегі рөлін айтып өтті. Балалар оның әр сөзін қызығушылықпен тыңдап, тіпті саусақ ізін алу процесіне де қатысып көрді.

Сонымен қатар тәртіп сақшылары оқушылармен көшеде және үйде қауіпсіздік ережелерін сақтау бойынша профилактикалық әңгіме өткізді.

Кездесу өте әсерлі әрі мазмұнды өтті. Балалар түрлі сұрақтар қойып, нақты жауаптар алды. Тіпті кейбірі болашақта полиция қызметкері болуға бел буғандарын жасырмады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру