Полиция Алматыда құқық бұзушылықтардың азайғанын мәлімдеді
Полиция Алматыда құқық бұзушылықтардың азайғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматыда қоғамдық тәртіп саласында оң динамика сақталып отыр. Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері қалада тонау, ұрлық және көше қылмыстарының саны төмендеген. Мегаполистегі жедел жағдай тұрақты әрі толық бақылауда.
Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, бұл көрсеткіштер – полицияның барлық қызметтерінің үйлескен жұмысының, сондай-ақ қала әкімдігі мен ІІМ қолдауының нәтижесі.
– Қоғамдық тәртіпті қорғау шараларын күшейтіп, бейнебақылау жүйесін және аналитикалық құралдарды кеңінен қолдандық, профилактикалық жұмысты да айтарлықтай жандандырдық. Қылмыстың азаюы – полицияның барлық бөлімшелерінің күнделікті жүйелі еңбегінің нәтижесі, – деді Арыстанғани Заппаров.
Қалада бейнебақылау жүйесін жаңғырту жалғасуда. Бұл қылмыстарды "ізін суытпай" ашуға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.
ІІМ жариялаған 2025 жыл – Профилактика жылы аясында полиция қызметкерлері кең ауқымды түсіндіру және алдын алу жұмыстарын жүргізуде. Халықпен кездесулер, білім беру ұйымдарындағы дәрістер, тұрғын аудандардағы рейдтер, жасөспірімдермен және жүргізушілермен мақсатты профилактикалық шаралар ұйымдастырылып жатыр.
Алматы қаласының полиция департаменті қылмысты азайту, қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті арттыру және тұрғындардың ішкі істер органдарына деген сенімін нығайту бағытында кешенді шараларды жалғастыруда.
