Полиция алматылықтарға алаяқтардың әрекеті туралы ескертті
Алматы қаласының полиция департаменті алаяқтардың жиі қолданатын әдістері мен олардың құрбанына айналатын топтар жайында ақпарат берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, көбінесе алаяқтар егде жастағы адамдарды нысанаға алады. Алаяқтар қылмысын негізінен телефон арқылы жүзеге асырады. Олар қоңырау шалып, жәбірленушінің жақын адамының жол-көлік оқиғасына ұшырағаны туралы жалған ақпарат береді. Мұндай жағдайда зейнеткерлер жақындарын құтқару мақсатында барлық ақшасы мен бағалы заттарын беруге дайын болады.
Алаяқтық схемада әдетте бірнеше адам қатысады. Бірі өзін жәбірленушінің ұлы, қызы немесе немересі ретінде таныстырып, оқиғаға өзі кінәлі екенін айтып, ақшалай көмек сұрайды. Одан кейін басқа бір алаяқ әңгімеге қосылып, өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырады. Ол "жағдайды реттеу үшін" жедел түрде ақша төлеу қажеттігін айтады.
Алаяқтар жәбірленушіні психологиялық қысым арқылы сендіріп, оларды ақша аударуға немесе қолма-қол беруге көндіреді. Кей жағдайда ақшаны алу үшін алаяқтар жеткізу қызметі арқылы басқа тұлғаларды – курьерлерді пайдаланады.
Полициясы тұрғындарға келесі қауіпсіздік ережелерін ұстануға кеңес береді:
- Жеке мәліметтеріңіз бен банк картаңыздың деректерін ешкімге бермеңіз;
- Ақша аударымы туралы түбіртектерді бөгде адамдарға жібермеңіз;
- Банк немесе құқық қорғау органының қызметкерімін деген адамдарға да карта кодтары мен құпия сөздерді айтпаңыз.
Тәртіп сақшылары тұрғындарға мұқият және сақ болу қажет екенін ескертеді. Күдікті қоңыраулар алған жағдайда бірден полицияға хабарласыңыз.