Полиция жүргізушілерді арнайы дабыл белгісі қосылған көліктерге кедергісіз жол беруге шақырды
Ақтөбе қаласының полиция департаменті жүргізушілерге жолда сақтық танытып, арнайы дабыл белгісі қосылған көліктерге кедергісіз жол беруге шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол берілген санаулы секунд – адам өмірін сақтап қалуға ықпал етуі мүмкін.
Мұндай құқық бұзушылықтар жиі болмаса да, әлі де кездесіп отырады. Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында жедел жәрдемге жол бермеген 6 жүргізуші жауапқа тартылды.
Патрульдік полиция қызметкерлері күнделікті рейдтер барысында арнайы дабыл белгісімен келе жатқан жедел қызмет көліктеріне жол бермеу жағдайларын анықтауда. Жүргізушілердің басым бөлігі ережені сақтағанымен, кейбір жағдайларда бұл талап орындалмай жатыр.
Осындай жайттардың бірі 23 шілде күні орын алды, жедел жәрдем қызметі шұғыл шақыртуға бара жатқан сәтте, Toyota Prado автокөлігінің жүргізушісі дабыл белгісіне қарамастан жол бермей, қозғалысын жалғастырған. Оқиға орнында болған патрульдік полиция экипажы жүргізушіні тоқтатып, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 598-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырды.
- Жедел жәрдемнің әрбір минуты есепте. Жол берілмеген бірнеше секундтың арты орны толмас салдарға соқтыруы мүмкін, – дейді патрульдік полиция батальонының инспекторы Балтабек Қанатұлы.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, арнайы қызмет көліктеріне жол бермегендерге 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бұл талап барлық жүргізушілер үшін міндетті.