Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция астаналықтарды алаяқтардың жаңа қитұрқы әрекеттері туралы ескертеді

Полиция астаналықтарды алаяқтардың жаңа қитұрқы әрекеттері туралы ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Соңғы уақытта елорда тұрғындарына "Астана-РЭК" немесе "Астана су арнасы" ұйымдарының атынан хабарласып, есептегіш құралдарын ауыстыру қажет деген сылтаумен жалған қоңыраулар шалу деректері жиілеп отыр. Бұл қоңыраулардың артында – азаматтарды алдап, қаржылық шығынға ұшыратуды көздеген алаяқтар тұр.

Алаяқтар алдымен тұрғыннан 1414 қызметінен келген SMS-кодты айтуды сұрайды. Осыдан кейін олар сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатқанын айтып, үрей тудыруға тырысады. "Несие рәсімделуінің алдын алу" және "қаражатыңызды қорғау" деген желеумен олар келесідей әрекеттерді жасауға көндіреді:

- Банк шоттарыңыздағы барлық қаражатты шешіп алып, «Ұлттық банктің резервтік шотына» аудару;
- Атыңызға несие рәсімдеп, оны "қауіпсіз шотқа" жіберу;
- Депозиттегі қаражатты шешіп алып, оны "арнайы қызметке" немесе "банкке" тапсыру.

Бұл — құрбанның банк картасы мен жеке деректеріне қол жеткізу үшін ойластырылған қитұрқы тәсілдер. Алаяқтар азаматтардың сеніміне кіріп, олардың атынан несие рәсімдеп немесе ақшаларын жымқыруға тырысады.

Астана қаласының полиция департаменті тұрғындарды сақ болуға шақырады. Есіңізде болсын: ресми ұйымдар мен банктер ешқашан телефон арқылы SMS-код немесе жеке ақпарат сұрамайды. Мұндай мәліметтер – құпия әрі тек сізге ғана тиесілі.

Егер сізге күмән тудыратын қоңырау немесе хабарлама келсе, ресми ұйымның байланыс орталығына тікелей хабарласыңыз. Кез келген жағдайда, бейтаныс нөмірлерге сенбеуге және жеке деректеріңізді бөліспеуге кеңес береміз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру