Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция ауыл тұрғындарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану жолдарымен таныстырды

Полиция ауыл тұрғындарын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғану жолдарымен таныстырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай ауданында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында ерекше форматтағы іс-шара өтті. Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес тобының инспекторы Мадина Арынғазинова ауыл тұрғындары арасында анонимді сауалнама жүргізіп, олардың пікірін тыңдады.

Сауалнама тұрмыстық зорлық-зомбылықтың себептері мен салдарын, сондай-ақ азаматтардың құқықтық сауаттылық деңгейін анықтауға бағытталды. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғындарымен ашық әңгімелесіп, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдарын талқылады.

Азаматтарға өз құқықтары мен міндеттері, отбасындағы құқықтық қатынастардың негіздері, сондай-ақ зорлық-зомбылық орын алған жағдайда қайда және қалай жүгіну керектігі түсіндірілді. Тұрғындарға нақты мысалдар келтіріліп, заң нормалары қарапайым әрі түсінікті тілде баяндалды.

Жеке және топтық кездесулер кезінде әйелдерге заңда көзделген қорғау тетіктері, уақытша баспанаға орналастыру мүмкіндігі, қорғау нұсқамалары мен шектеу шаралары жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.

— Біздің мақсатымыз — адамдарға өз құқықтарын білуге және қорғауға көмектесу. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – тек отбасының емес, бүкіл қоғамның мәселесі. Біз оны бірлесе отырып тоқтата аламыз, — деді Мадина Арынғазинова.

Полиция өкілдерінің айтуынша, мұндай сауалнамалар мен кездесулер тұрғындармен ашық диалог орнатуға, олардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға маңызды үлес қосады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру