Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция азаматтарды тазалықты сақтауға және қоқыс тастамауға шақырды

Полиция азаматтарды тазалықты сақтауға және қоқыс тастамауға шақырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматыда Мемлекет басшысы бастамашылық еткен "Таза Қазақстан" республикалық бағдарламасы аясындағы жұмыстар жалғасуда. Бағдарламаның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру және қалалық ортаға жанашырлықпен қарауды ынталандыру. Осыған байланысты қала полициясы абаттандыру қағидаларының сақталуына бақылауды күшейтіп, "құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік" қағидатын жүйелі түрде қолданып келеді.

Полиция департаментінде атап өтілгендей, рұқсат етілмеген жерге қоқыс тастау, коммуналдық мүлікті бүлдіру, аулалар мен кіреберістерді ластау секілді ұсақ құқық бұзушылықтар тұрғындардың өмір сапасына және қаладағы жалпы құқықтық тәртіп деңгейіне тікелей әсер етеді.

– Нөлдік төзімділік бұл ұран емес, тәртіпті қамтамасыз етудің нақты тетігі. Ұсақ құқық бұзушылықтардың өзі адамдарда жауапсыздық сезімін қалыптастырып, уақыт өте келе анағұрлым ауыр заң бұзушылықтарға әкелуі мүмкін. Заңнамада ортақ пайдалану орындарын ластағаны үшін жауапкершілік көзделген. Сондықтан барша тұрғынды туған қаламызға ұқыпты, жауапты көзқараспен қарауға шақырамыз, – деді Алматы қаласы ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Асхат Құлбаев.

Жыл басынан бері Алматыда полицейлер 8 мыңнан астам қоқыс тастау мен қоғамдық тәртіпті бұзу фактілерін анықтады. Көп жағдайда құқық бұзушылықтар тұрғын үйлердің аулаларында, көшелер бойында және аялдама маңдарында тіркелген.

– Тазалықты сақтауға атсалысып, құқық бұзушылықтар туралы ақпарат беріп, қаланың көркейуіне үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіреміз. Осындай белсенді ұстаным тұрғындар арасында жауапкершілікті арттыруға және тәртіп мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді. Тек ортақ күш-жігер арқылы біз Алматыны одан әрі таза, жайлы және қауіпсіз қалаға айналдыра аламыз, – деп қорытындылады Асхат Құлбаев.

Алматы полициясы қала тұрғындарын тазалықты сақтауға, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға, коммуналдық қызметкерлердің еңбегін бағалауға және өскелең ұрпаққа үлгі болуға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру