Полиция азаматтарды туристік агенттіктерді таңдағанда мұқият болуға шақырады
Ақтөбе облысының полициясы азаматтарды туристік агенттіктерді таңдағанда мұқият болуға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаз мезгілінің басталуына байланысты демалысын шетелде өткізгісі келетін азаматтар саны да артады. Шетелге саяхаттағысы келген тұрғындар көбіне туристік агенттіктердің қызметіне жүгінеді.
Алайда, мүліктік пайда табу мақсатында азаматтардың сенімін теріс пайдаланып, ақшасын заңсыз иеленетіндер де кездеседі.
Мысалы, маусым айында полиция бөліміне Ақтөбе қаласының тұрғыны туристік агенттікке алданғаны туралы арызданды. Тергеп-тексеру барысында мамыр айында Ақтөбе қаласында орналасқан туристік агенттіктердің бірінде оның басшысы әуе билеттерін алып беретінін айтып алдау жолымен жәбірленушінің 250 мың теңгеден астам қаражатын заңсыз иемденгені анықталды.
Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Тергеу барысында аталған туристік агенттік басшысының басқа да бірнеше тұрғынды осындай жолмен алдағаны анықталып жатыр.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының полиция департаменті шетелге саяхаттамақ болған азаматтарды моральдық және қаржылық залалдардан сақтану үшін туристік агенттіктерді таңдауда аса сақ болуға, алдын ала төлемдер аудармауға, жасалған келісімшартты мұқият оқуға, олардан барлық туристік құжаттарды талап етуге және алдын ала тексеріп алуға шақырады.