Полиция азаматтарға қылмыстың куәсі болған жағдайда қалай әрекет ету керегін ескертеді
Полиция азаматтарға қылмыстың куәсі болған жағдайда қалай әрекет ету керегін ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыс жасалғаннан кейінгі алғашқы минуттар оның ашылуына тікелей әсер етеді. Көп жағдайда шешуші рөлді куәлардың байқампаздығы мен дер кезінде жасаған әрекеті атқарады.
Егер сіз қылмыстың куәсі болсаңыз, Жеке қауіпсіздігіңізді қамтамасыз етіңіз
Күдіктілермен қақтығысқа түспеңіз және оларды өз бетіңізше ұстауға тырыспаңыз. Бұл қауіпті әрі полиция қызметкерлерінің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін. Дереу полицияға хабарласып немесе жақын маңдағы полиция нарядына жүгініңіз.
Хабарлау кезінде оқиға болған жері мен уақытын, құқыққа қарсы әрекеттің сипатын, күдіктінің белгілері (бойы, киімі, сыртқы ерекшеліктері), оның қай бағытқа кеткенін; көлік туралы мәліметтерді (маркасы, түсі, мемлекеттік нөмірі), егер бар болса нақты көрсетіңіз.
Тіпті болмашы көрінген мәліметтің өзі дәлел ретінде маңызды болуы мүмкін.
Міндетті түрде оқиға орнынан ешқайда кетпеңіз. Мүмкіндігінше заттарға қол тигізбеңіз және ештеңені қозғамаңыз. Бұл жедел-тергеу тобына айғақтарды бастапқы күйінде тіркеуге мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері келген кезде өз көзіңізбен көрген мән-жайларды ғана нақты әрі толық баяндап, объективті түсініктеме беріңіз. Дұрыс емес ақпарат немесе жорамал тергеуге кедергі келтіруі мүмкін.
Егер жеке қауіпсіздігіңізге алаңдаушылық болса, бұл туралы міндетті түрде хабарлаңыз. Заңнамаға сәйкес куәларды қорғау шаралары қарастырылған.
Тергеу басқармасының қызметкерлері қылмыстардың ашылуы — құқық қорғау органдарының кәсіби жұмысы мен қоғамның азаматтық жауапкершілігінің нәтижесі екенін ескертеді.
Әрбір хабарлама, әрбір дерек, әрбір шынайы айғақ шешуші дәлелге айналуы мүмкін.
Бейжай қалмаңыз. Қылмыс туралы дереу хабарлаңыз. Тергеуге заңды түрде қолдау көрсетіңіз.
Қоғам қауіпсіздігі — сіздің принципті ұстанымыңыздан басталады
