Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция – балалар қорғаны: Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде ашық есік күні өтті

Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінде "Полиция – балалар қорғаны" тақырыбында ашық есік күні өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланының барлық әскери бөлімдерінде Ішкі істер органдарының өкілдерімен бірлескен "Полиция – балалар қорғаны" атты ашық есік күні ұйымдастырылуда. Бұл шараның басты мақсаты – жас буынға әскери өмірді таныстыру, құқық қорғау қызметінің маңызын көрсету және балалардың бойында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру болды.

Атап айтқанда, елордадағы 5573 әскери бөліміне Астана қаласының №69, №18, №33 және 6636 әскери бөліміне №80 орта мектептің жүздеген оқушысы акцияға орай арнайы барды. Балалар әскери техникалармен, қару-жарақ үлгілерімен, сарбаздардың күнделікті дайындығымен танысты. Балалар жауынгерлердің үй-жайлары аралап, кинологоия мамандарының қызмет кезіндегі әдіс-тәсілдерін тамашалады. Сонымен қатар оларға арнайы қойылымдар мен жауынгерлік дайындық элементтері көрсетілді.

Ашық есік күнінде балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын тікелей сарбаздарға қойып, әскери өмірдің қыр-сырымен етене танысу мүмкіндігіне ие болды.

– Бұрын әскери бөлімге келіп көрмеген едім. Ал бүгін нағыз БТР-ді көрдім. Ағайлар бізге қару туралы түсіндіріп, оны ұстауға рұқсат берді. Мен болашақта осында қызмет етемін. Себебі сарбаздар елді қорғайды, мен де елімді қорғағым келеді, – деді 10 жастағы мектеп оқушысы Әмірхан Төлеген

Іс-шара соңында барлық бала естелік сыйлықтар мен арнайы қауіпсіздік парақшалары таратылды. Оқушылар арбаздар асханасынан дәм татты.

Айта кетейік, Ұлттық ұлан бұл шараны дәстүрлі түрде өткізіп, болашақ ұрпақтың бойында отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруды көздейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру