Полиция батысқазақстандықтарды велосипед ұрлығынан сақтандырды
Полиция батысқазақстандықтарды велосипед ұрлығынан сақтандырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ауа-райының жылынуына байланысты велосипед ұрлығы жиілеп кетті. Бұл велосипедті күнделікті жиі қолданып, алайда қауіпсіздік шараларын сақтамауымен байланысты орын алуда.
Мысалы Орал қаласында тұрғын үйдің дәлізінде қараусыз қалдырылған велосипед ұрланған. Осындай оқиға Шыңғырлау ауданында да тіркелді. Велосипед иесі дүкенге қысқа уақытқа кіріп кеткен кезде оның велосипедін ұрлап кеткен. Екі жағдайда да полиция қызметкерлерінің жедел әрекетінің нәтижесінде ұрланған мүлік табылып, иелеріне қайтарылды. Бұл фаткілер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті көктемгі-жазғы кезеңде мұндай қылмыстардың жиі орын алатынын ескертеді. Велосипедтер қараусыз және құлыппен бекітілмеген болса, ұрылар үшін оңай олжаға айналады.
Велосипед ұрлығының алдын алу үшін келесі қарапайым ережелерді сақтау ұсынылады:
-велосипедті әрдайым сенімді құлыптармен бекітіп қою;
-оны дүкендер мен дәліз сияқты қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмау;
-мүмкіндігінше велосипедті жабық, күзетілетін жерлерде сақтау;
-раманың сериялық нөмірі мен жеке белгілерін жазып алу;
-сатып алу құжаттарын сақтау және велосипедті суретке түсіріп қою.
Ұрлық орын алған жағдайда дереу полицияға хабарласуыңызды сұраймыз.