"Полиция болмағанда аман қалмаушы едім": жетісулық тұрғынның оқиғасы
Жетісу облысы Қарабұлақ кентінің тұрғыны Асхат Шаяхметов полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл оқиға 23 наурыз кешкі уақытта болған. Қарабұлақ кентінде патрульдеп жүрген экипажға Ескелді ауданы полиция бөлімінің кезекшісінен шұғыл қоңырау түседі. Қант зауыты маңындағы көлде адамның суға батып жатқаны туралы айтылады.
- Тез арада жеттік. Оқиға орнына келгенде осындағы адамдардан суда қанша адам екенін сұрадық. Суда жан дауысымен "Көмектесіңдерші!" деп айғайлап жатқан адамды байқадық. Ойлануға уақыт болмады менде. Суға қарай жүгірдім, - деді Жетісу облысы ПД Ескелді ауданы полиция бөлімінің қызмет инспекторы Мұхтар Нұрмұхамбетов.
Ажалдан аман қалған Асхат Шаяхметов болатын. Ер адам сол кеште жолдасымен бірге балық аулауға барған. Алайда қармағы торға ілініп, қайығы байқаусызда аударылып кеткен.
- Жедел тергеу тобымен оқиға орнына келген кезде патрульдік полиция қызметкері судағы адамды құтқаруға жүгіріп кетті. Оған көмектесу үшін мен беліме арқан байлап, суға ден қойдым. Температурасы төмен, су өте суық болатын. Суға кіргенде оны қатты сездім, - деді Жетісу облысы ПД Ескелді ауданы полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Өмірбек Сенбай.
Тәртіп сақшыларының жылдам әрі сенімді әрекеті қайғылы жағдайдың алдын алуға септігін тигізді.
- Үрей болды. Аяқ-қол тартылып қалды, - деді ауыл тұрғыны сол күнгі сезімімен бөлісіп.
Полиция қызметкері Мұхтар Нұрмұхамбетовтың айтуынша, суда қобалжымау қажет. Адам қобалжығанда көп қимылдап, күшін жоғалтып алады.
- Адамдар балық аулауға барғанда өзімен бірге құтқару жилетін алса екен деймін, - деді тәртіп сақшысы Өмірбек Сенбай.