Полиция домофон компаниялары атынан жасалатын жаңа алаяқтық туралы ескертеді
Полиция домофон компаниялары атынан жасалатын жаңа алаяқтық туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция тұрғындарды домофон қызметтерімен байланысты жаңа алаяқтық әдісі туралы ескертеді. Бейтаныс тұлғалар азаматтарға қоңырау шалып, өздерін домофондарды техникалық қызмет көрсететін компаниялардың қызметкерлері ретінде таныстырады. Алаяқтар "қосымша кілттер жасау" немесе "кілтсіз кіру қызметін қосу" сияқты жалған қызметтерді ұсынады.
Ол үшін подъезд есігін кілтсіз ашуға мүмкіндік беретін алты таңбалы жеке код жіберетінін айтады. Олар әр пәтердің жеке коды болатынын және бұл жаңа, ресми қызмет екенін алға тартады. Алайда шын мәнінде мұндай сервис мүлдем жоқ. Азаматтың келісімін алған соң алаяқтар жеке деректерді жинауға кіріседі.
Полиция тұрғындарды барынша сақ болуға және мұндай қоңырауларға сенбеуге шақырады. Нағыз домофон компаниялары ресми шартсыз код арқылы қолжетімділік қоспайды, телефон арқылы жеке деректерді сұрамайды және қызметтерді ұсынбайды.
Күдік тудыратын қоңыраулар түскен жағдайда әңгімені дереу тоқтатып, бұл туралы 102 нөміріне немесе жақын маңдағы аумақтық полиция бөлімшесіне хабарлау ұсынылады. Полиция департаменті алаяқтықтың алдын алу шараларын жалғастыра отырып, сақтық — қауіпсіздіктің басты шарты екенін еске салады.
