Полиция электрлі самокат мінушілерге үндеу жасады
Полиция электрлі самокат мінушілерге үндеу жасады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Солтүстік Қазақстан облысының полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасында жол қозғалысына қатысушыларға барынша сақ болуды ескертеді. Әсіресе, бұл талап екі дөңгелекті электр көлігін тізгіндегендерге қатысты.
Электрлі самокаттар мен велосипедтер жастар арасында кеңінен қолданылады. Алайда қарқынды жол қозғалысы олардың жүргізушілерінен сенімділікті ғана емес, сонымен бірге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды талап етеді. Жолдағы бір сәттік қателік денсаулыққа зиян тигізіп қана қоймай, адам өмірін де қиюы мүмкін. Биылғы 7 айда облыс аумағында электрлі самокат жүргізушілері қатысқан 3 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 4 адам жарақат алды.
Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері азаматтарға қауіпсіздік бойынша кеңестер берді. Жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Азамат Жамуковтың айтуынша, 18 жасқа толмаған электрлі самокат жүргізушілеріне жүргізуші куәлігінің кез келген санаты болмаған жағдайда автожолға шығуға тыйым салынады.
Жүру тек веложолақпен, ал ол болмаған жағдайда жолдың оң жақ шетімен бір қатарда ғана жүзеге асырылуы тиіс. Тротуармен қозғалғанда жылдамдық 6 км/сағ аспауы қажет, өйткені бұл жаяу жүргіншілер үшін қауіпті. Бұдан бөлек, ережелерге сәйкес шлемсіз жүруге, рөльді екі қолмен ұстамай басқаруға, жолаушы немесе жүк тасымалдауға, сондай-ақ жарық шағылыстырғыш элементтерсіз түнде жолға шығуға қатаң тыйым салынады.
Полицияда атап өткендей, осы қарапайым талаптарды сақтау өз өміріңіз бен денсаулығыңызды қорғауға, сондай-ақ айналаңыздағы адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі. Бұл жұмыс "Заң және Тәртіп" қағидатын іске асыру аясында жүргізілуде. Аталған қағидат құқық бұзушылықтарға тек әрекет етуді ғана емес, олардың алдын алуға да басымдық береді.