Полиция елорда тұрғындарына жазғы маусымда аулаларда тыныштық сақтауды ескертеді
Полиция елорда тұрғындарына жазғы маусымда аулаларда тыныштық сақтауды ескертеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жазғы демалыс маусымы басталғалы бері еліміздің қалаларында, әсіресе көпқабатты тұрғын үйлер аумағындағы аулаларда тыныштықты бұзу фактілері жиілей түсті. Жексенбі күні бір ғана тәулікте осындай 265 құқық бұзушылық дерегі тіркелген. Бұл — түнгі уақытта тыныштық сақтамау мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетеді.
Көбінесе тұрғындар музыка құрылғыларын қатты қосып, түн ортасына дейін көңіл көтереді. Кейбір азаматтар отбасылық немесе достар арасындағы басқосуларды аулаларда жалғастырып, балалары мен жасөспірімдерімен бірге шулап, айналаны ластап жатады. Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішу де жиі кездесетін заң бұзушылықтың бірі. Бұдан бөлек, түнгі уақытта жөндеу немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу, үй жануарларының үнемі мазалауы, жеке тұрғын үй секторында от шашу ату мен автокөлікпен қатты дыбыс шығару да тұрғындардың тыныштығын бұзатын факторлар қатарында.
Анықталған барлық деректер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабына сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, ескертулер мен айыппұлдар салынды.
Астана қаласының полиция департаменті тыныштықты бұзу фактілері көбінесе демалыс және мереке күндері орын алатынын атап өтті. Осыған байланысты құқық қорғау органдары кешкі және түнгі уақыттарда рейдтік шараларды күшейтеді.
Азаматтарға көршілердің демалу құқығына құрметпен қарап, ортақ аумақ — аулада тәртіп пен тыныштық сақтаудың маңыздылығын ескертеміз. Аула — бұл тек балалардың ойын алаңы ғана емес, қарттардың демалыс орны, ал баршамыз үшін – тыныш әрі қауіпсіз орта болуы тиіс.
Естеріңізге саламыз, сағат 23:00-ден таңғы 06:00-ге дейінгі аралықта тыныштықты бұзу — әкімшілік құқық бұзушылық болып есептеледі және заңмен жауапкершілік қарастырылған. Тыныштықты сақтау — бұл тек заң талабы ғана емес, әр азаматтың мәдениет деңгейін білдіретін маңызды өлшем.