Полиция ескертеді: мотокөлік міну — көңіл көтеру емес, жауапкершілік
Жаз мезгілінде жол қозғалысына қатысушылар арасында мотоцикл, скутер, мопед жүргізушілерінің қатары артатыны белгілі. Осыған байланысты полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу және мотокөлік жүргізушілерінің жауапкершілігін арттыру мақсатында арнайы түсіндіру жұмыстарын күшейтуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мотоцикл тізгіндеген адам үшін жол апатынан көз жұму қаупі жеңіл көлік жүргізушісіне қарағанда 20 есе жоғары. Әсіресе, мұндай жағдайлар арнайы жүргізуші куәлігі жоқ, мотошлем кимеген азаматтармен жиі кездеседі.
Биылғы жылдың басынан бері түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 205 мотокөлік жүргізушісі жауапқа тартылған. Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін тағы да ескертеді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, квадроциклді тек 16 жасқа толған және А1 санатындағы жүргізуші куәлігі бар азаматтар ғана басқара алады. Бұл санатқа сондай-ақ мотоциклдер, трициклдер, мопедтер мен көлемі 125 текше см-ден аспайтын, қуаты 11 кВт-қа дейінгі және жылдамдығы 50 км/сағ асатын скутерлер жатады.
Жолға велосипедпен шығуға – 14 жастан, ал мопед немесе скутермен жүруге – 16 жастан бастап рұқсат етіледі. Жол қозғалысы ережесін бұзған мото, мопед, скутер жүргізушілері де өзге көлік иелерімен бірдей заң алдында жауап береді.
Жол қауіпсіздігін сақтау үшін мотоқұрал тізгіндеген жүргізуші мен жолаушы міндетті түрде арнайы дулыға киіп, қорғаныс құралдарын пайдалануы тиіс.
Полиция жаз айларында жолда самокат, велосипед және скутер мінгендерге ерекше назар аударатынын атап өтті. Осыған орай тәртіп сақшылары ата-аналарға балаларымен жолдағы қауіпсіздік ережелері жайында жиі әңгімелесуді ұсынады.