Полиция халықпен жүздесті: Семейде "Ауладағы қабылдау" шарасы өтті
Семейде "Ауладағы қабылдау" шарасы өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласының тұрғындары үшін полиция қызметкерлерімен бетпе-бет жүздесіп, көкейдегі сауалдарын қойып, тікелей жауап алу – енді күнделікті өмірдің бір бөлігіне айналып келеді. Осындай ашық әрі еркін форматтағы "Ауладағы қабылдау" шарасы бұл жолы Утепов көшесіндегі №1 үйдің ауласында өтті.
Жиналған жұрттың қарасы қалың – елуге жуық азамат өздерін алаңдатқан мәселелерін айтып, құқық қорғау органдарының өкілдерінен нақты түсініктемелер алды.
Кездесуге Абай облысы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Бауржан Садакбаев пен учаскелік инспекторлар, сондай-ақ қызмет басшылары қатысты. Олар тұрғындарды қазіргі таңдағы өзекті мәселелер – интернет-алаяқтық, ұсақ ұрлық, тұрмыстық жанжал мен қоғамдық орындарда ішімдік ішіп, құқық бұзудың салдары туралы хабардар етті.
Шара барысында балалардың қауіпсіздігіне де ерекше назар аударылды. Құқық қорғаушылар азаматтарға алаяқтардан қалай сақтану, төтенше жағдайда не істеу керектігі және жедел көмек алу үшін қайда жүгіну қажет екені жазылған пайдалы жадынамалар таратты.
Бұл – жай ғана ресми кездесу емес, шынайы диалог алаңы болды. Тұрғындар көкейінде жүрген сауалдарын қойып, өмірлік маңызды мәселелеріне қатысты тұшымды жауаптар алды. Мұндай бастамалар – полиция мен қоғам арасындағы сенім мен серіктестіктің алтын көпірі.
"Ауладағы қабылдау" форматы бұдан әрі де жалғасын табады. Өйткені, құқық қорғау органдарының басты міндеті – әр азаматты тыңдауға, түсінуге және шынайы көмек көрсетуге әрдайым дайын болу.