Полиция инспекторы ақмолалық әйел мен оның баласының өмірін өзгертті
Полиция инспекторы ақмолалық әйел мен оның баласының өмірін өзгертті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысы полиция департаментінің Instagram әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасына Атбасар аудандық полиция бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес инспекторы Зүлфия Рахимованың атына алғысқа толы хабарлама келіп түсті.
Аудан тұрғыны өз хатында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болған ең қиын сәтте құқық қорғау органдарының қызметкерінен үлкен қолдау көріп, баласымен бірге жаңа, қауіпсіз өмір бастауға мүмкіндік алғанын жазған.
- Ол мені және баламды құтқарып қалды деп толық сеніммен айта аламын. Көшуге көмектесті, бүгінгі күнге дейін қолдау білдіріп келеді. Жанашыр, бейжай қарай алмайтын, өз ісіне адал — нағыз кәсіби маман. Шын жүректен алғыс айтамын, – делінген тұрғынның алғыс хатында.
Оқиға Астана қаласындағы дағдарыс орталығына жәбірленушінің әпкесі жолдаған жасырын хабарламадан басталған. Орталық мамандары дереу Атбасар аудандық полиция бөліміне хабарлап, бұл ақпаратты құзырлы органдарға жеткізген.
Капитан Зүлфия Рахимова учаскелік инспектор Бауыржан Үндібаевпен бірге оқиға орнына шұғыл жетіп, ерлі-зайыптылармен профилактикалық әңгіме жүргізген. Әйелдің психоэмоционалды жағдайы мен баланың қауіпсіздігін ескере отырып, агрессорға қатысты қорғау ұйғарымы шығарылып, жәбірленушіге анасының үйіне басқа қалаға уақытша көшу ұсынылған.
- Ол қолында баласымен жылап тұрған сәтте менің жүрегім езіліп кетті. Ол менімен бірге шықпайынша, бұл жерден кетпеймін деп шештім. Бұл жай ғана қызметтік міндет емес, адами шешім болды, – деп еске алады Зүлфия Рахимова.
Қазіргі таңда жәбірленуші бұл қадамға еш өкінбейді. Өмірін қайта бағалап, болашаққа жаңа жоспарлар құрып отыр. Агрессордан кету — оның еркіндігіне, тыныштығына және үмітіне жол ашты.
Бұл оқиға — жай ғана кәсібиліктің емес, жанашырлық пен адамгершіліктің, нағыз қамқорлықтың нақты көрінісі. Осындай адал әрі жауапты қызметкерлердің ішкі істер саласында қызмет етуі — қоғам үшін үлкен мәртебе.