Полиция интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырады
Полиция интернет-алаяқтардан сақ болуға шақырады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Тұрғындарды алаяқтардың айла-амалынан сақтау мақсатында Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері саяжайлық аумақта түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл жерде алаяқтардың басты “нысанасына” айналатындар – зейнеткерлер, сенгіш әрі технологияны жетік білмейтін адамдар.
Полиция өз тәжірибесінен нақты мысалдар келтірді:
– “Банк қызметкері” болып қоңырау шалған алаяқ зейнеткерді 900 000 теңгеге алдаған;
– “Салық қызметі” атынан хабарласқан жалған тұлғалар банк картасының деректерін алған;
– Kaspi мен eGov сайттарына ұқсас жалған парақшалар арқылы деректер ұрланған.
Тұрғындарға алаяқтық қоңырауларға, хабарламаларға және түсетін аударымдарға қалай әрекет ету керектігі көрсетілген жадынамалар таратылды.
– Адамдар белгісіз нөмірлерден келген СМС-терді ашып, сілтемелерге оп-оңай өтеді. Біздің мақсат — әр адам интернет-алаяқтар үнсіз әрекет етсе де, соққысы ауыр болатынын түсінсе екен дейміз, – деді Павлодар қаласы ПБ Оңтүстік полиция бөлімі бастығының орынбасары Алтынбек Медияров.
Оңтүстік полиция бөлімінің қызмет көрсету аймағында жарты жылдың ішінде 247 интернет-алаяқтық дерегі тіркелді. Бұл – тек ресми өтініштер бойынша тіркелген жағдайлар.
Полиция азаматтарды абай болуға, жеке деректерді бөгде адамдарға бермеуге және кез келген ақпаратты бірнеше рет тексеруге шақырады.