Полиция интернеттегі сауда мен жалға берілетін тұрғын үйлерге байланысты сақ болуға шақырады
Полиция интернеттегі сауда мен жалға берілетін тұрғын үйлерге байланысты сақ болуға шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола облысының полиция департаменті интернет-алаяқтық фактілерінің жиілеп кетуіне байланысты азаматтарды онлайн сауда мен қызмет түрлерін пайдалану барысында қырағылық танытуға үндейді.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, тауарды немесе қызметті нақты алғанға дейін, сондай-ақ ресми келісімшарт жасалмай тұрып, бейтаныс тұлғаларға ешқашан алдын ала ақша аударуға болмайды. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін тек тексерілген интернет-ресурстар мен ресми жеткізу сервистерін қолдану ұсынылады.
Мәселен, Көкшетау қалалық полиция басқармасына 25 жастағы жергілікті тұрғыннан арыз келіп түсті. Жәбірленуші 2 тамыз күні "Instagram" әлеуметтік желісі арқылы демалыс үйін жалға беремін деген алаяқтың арбауына түсіп, оған 501 865 теңге көлемінде қаражат аударғанын хабарлады.
Бұдан бөлек, 4 тамыз күні облыстың тағы бір тұрғыны "Instagram" арқылы әткеншек сатпақ болған алаяққа алданып, 60 000 теңгесінен айырылғанын мәлімдеді.
Аталған екі оқиға бойынша да қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары басталды.
Полиция департаменті тұрғындарға әлеуметтік желілердегі күмәнді хабарландыруларға сенбеуге, бейтаныс адамдармен қаржылық мәмілелер жасаспауға және ақпараттың шынайылығын әрдайым мұқият тексеруге кеңес береді.