Полиция мен БАҚ: Маңғыстауда өзекті мәселелер талқыланды
Маңғыстау облысы полиция департаментінің басшысы Сағындық Аяғанов өңірдің журналистері мен блогерлерімен кездесу өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесудің негізгі мақсаты – полиция мен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара байланысты нығайтып, қоғамдағы өзекті мәселелерді бірлесіп талқылау.
Іс-шара барысында полиция мен баспасөз арасындағы тығыз байланыс орнатудың маңызы атап өтілді. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тұрғындардың құқықтық мәдениетін арттыру және маңызды ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу бағытында БАҚ өкілдерінің рөлі ерекше екені айтылды.
Кездесу барысында бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Атап айтқанда, жол қауіпсіздігін күшейту, көшелердегі қоғамдық тәртіпті сақтау, қоғамдық орындарда орын алатын ұсақ бұзақылықтардың алдын алу, қылмыстың профилактикасы және басқа да мәселелер кеңінен талқыланды.
Журналистер мен қоғам белсенділері полиция жұмысына қатысты ұсыныс-пікірлерін білдіріп, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы сенімді арттыру бағытында бірлесіп жұмысты жалғастыруға дайын екендерін жеткізді.
Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, қатысушылар алдағы уақытта да мұндай диалог алаңдарын тұрақты түрде ұйымдастырудың маңызын атап өтті. Бұл өз кезегінде қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықпен тиімді байланыс орнатуға мүмкіндік беретіні айтылды.
