Полиция мен бизнес-қоғамдастықтың өзара іс-қимыл мәселелері онлайн отырыста талқыланды
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев онлайн-форматта өткен «Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесіне қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шарада ішкі істер органдарының кәсіпкерлік қоғамдастықпен бизнестің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау жөніндегі өзара іс-қимыл мәселесі талқыланды. Жиынға мемлекеттік органдар, бизнес және қауымдастық өкілдері қатысты. Марат Қожаев өз сөзінде Президенттің тапсырмаларына сәйкес ведомство сервистік полиция құру бойынша мақсатты жұмыс жүргізіп жатқанын, «Заң және тәртіп» қағидаттары мен кез келген құқық бұзушылыққа төзбеушілік енгізіліп жатқанын атап өтті.
– Қазақстандық полиция мен бизнестің өзара іс-қимылы құрылуы тиіс – бұл заңға бағынатын кәсіпкерлердің құқықтарын сөзсіз қорғау және бизнестің жосықсыз өкілдерімен түбегейлі жұмыс жасау, – деді Қожаев.
Министрдің бірінші орынбасарының мәліметінше, жыл сайын полицияға жасалған қылмыстар туралы 7-8 мыңға жуық өтініш пен кәсіпкерлердің хабарламалары келіп түседі. 95% жағдайда бұл мүлікке қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар екен.
– Әр факт бойынша әрекет ету шаралары қабылданады. Алайда бизнес субъектілерінің өздері әрқашан өз мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдай бермейтінін атап өткен жөн. Фермерлік қожалықтар ауыл шаруашылығы жануарларын жаюды ұйымдастыру, есепке алу жөнінде шаралар қабылдамайды. Ал өндірістік кәсіпорындарға келетін болсақ. Аумақ пен үй-жайлар бейнебақылау және дабыл беру арқылы қамтылмайды, салдарынан қылмыс жасауға ықпал етеді, – деді министрдің бірінші орынбасары.
Қожаев бизнес нысандарын физикалық қорғауды қамтамасыз етуде де проблемалар бар екенін атап өтті.
– Әдетте, бұл ойын-сауық мекемелеріне қатысты, олардың иелері үнемдеу мақсатында мамандандырылған күзет ұйымдарының қызметтерінен бас тартады және «күмәнді контингент» қатарынан өздерінің қауіпсіздік қызметтерін құрады. Ресми күзеттен айырмашылығы, оларға құқық бұзушылықтың міндетті жолын кесу және оны жасағаны туралы полицияға хабарлау туралы талаптар қолданылмайды. Салдарынан мұндай жағдайда, көбінесе «ішімдік ішкен» келушілерге қатысты қылмыс жасалынады, – деп атап өтті ол.
«Атамекен» ҰКП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов әлеуметтік-экономикалық дамудың қазіргі кезеңі кәсіпкерлік бастамаға және қоғамдық қауіпсіздікке әсер ететін ықтимал қылмыстық тәуекелдерді ескере отырып, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимыл тетіктерін трансформациялауды талап ететінін атап өтті.
– Мүліктік қылмыстардың жолын кесу кәсіпкерлікті қолдау нысаны, яғни жеке меншікке қол сұғылмаушылықтың конституциялық кепілдіктерін қамтамасыз ету тетігі саналады. Ішкі істер органдары бөтен мүлікті ұрлауға қарсы күресте 100 мыңға жуық күзетші жұмыс істейтін 3 мың жеке күзет ұйымдарының әлеуетін толық пайдалануы қажет, – деді Қайырбек Сүлейменов.
Сондай-ақ кездесу барысында бизнес субъектілеріне қатысты қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды. Қазіргі уақытта жасалған қылмыстардың 80%-ға жуығы жеке меншікті ұрлауға жатады, бұл кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіреді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (интернет-алаяқтық) арқылы жасалатын қылмыстардың өсуі кәсіпкерлік қызметті шектейтін факторлардың бірі саналады. Соңғы бес жылда банктік шоттардағы алаяқтық пен ақша ұрлаумен байланысты қылмыстар өсіп барады.
Сонымен қатар отырыста ішкі істер органдарының кәсіпкерлер одағымен ынтымақтастығы отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді ашық және адал мемлекеттік сатып алуды жүргізуге ықпал етуі тиіс екендігі айтылды.
Қорытындыда тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде кәсіпкерлік субъектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қылмыстық қатерлерден қорғауға бағытталған шаралар кешенін іске асыру ұсынылды. Сондай-ақ ішкі бақылау шараларымен кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін полиция қызметіндегі проблемалар мен әкімшілік кедергілерді белгілеу және оқшаулау. да айтылды.