Полиция мен діни қауымдастықтың бірлескен іс-қимылы: Екібастұзда интернет-алаяқтыққа қарсы үгіт-насихат айтылды
Полиция екібастұздық діни қызметкерлерге алғыс білдіреді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Екібастұз қалалық полиция басқармасы интернет және классикалық алаяқтыққа қарсы бағытталған алдын алу жұмыстарына қолдау көрсеткен діни қауым өкілдеріне шынайы алғысын білдіреді.
Полицейлердің айтуынша, қала тұрғындарының бір бөлігі әлеуметтік желілер мен жаңалықтар порталдарын пайдаланбайды. Алайда олар мешіт пен шіркеу қызметкерлерінің ескертулеріне құлақ асып, ерекше сеніммен қабылдайды. Осыны ескере отырып, тәртіп сақшылары мен діни қызметкерлер бірлесіп, тұрғындарға жиі кездесетін алаяқтық түрлері мен одан қорғану жолдары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Алаяқтар көбіне өзін полиция, банк, коммуналдық мекеме немесе пошта қызметкері ретінде таныстырып, телефон арқылы немесе мессенджерлер арқылы банк картасының деректерін, SMS-кодтарды сұрап, азаматтарды шатастыруы мүмкін. Сонымен қатар олар түрлі қосымшаларды жүктеуге үгіттейді. Мұндай қосымшалар – телефонды қашықтан басқаруға мүмкіндік беретін бағдарламалар, олар арқылы алаяқтар жеке мәліметтерге қол жеткізеді.
Осы ретте полицейлер азаматтарға Еgov mobile қосымшасы арқылы "Банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан өз еркімен бас тарту" қызметін белсендіруді ұсынады. Бұл интернет-алаяқтықтан қорғанудың тиімді әрі сенімді тәсілдерінің бірі.