Полиция оқушыларға қауіпсіздік шараларын еске салды
Полиция оқушыларға қауіпсіздік шараларын еске салады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
1 қыркүйек – Білім күніне орай Абай облысының Водный кентінде жаңа мектептің ашылу салтанаты өтті. Заманауи талаптарға сай бой көтерген бұл білім ордасы тұрғындар үшін маңызды оқиғаға айналды.
Іс-шараға Абай облысы полиция департаментінің қызметкерлері белсене қатысты.
Мерекелік шара барысында полиция департаменті бастығының орынбасары Ернар Базаров оқушыларды білім күнімен құттықтай отырып бояма кітапшалар үлестірді.
Сондай-ақ Ернар Базаров бояма кітапшалардың мазмұнына тоқталып, олардың балалардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталғанын атап өтті. Атап айтқанда, кітапшаларда жол қозғалысы ережелері, қауіпсіздік талаптары және түрлі тәрбиелік мәні бар суреттер бейнеленген.
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мамандары “Біз есірткіге қарсымыз” ұранымен арнайы акция өткізіп, оқушылар мен ата-аналарға тематикалық футболкалар мен кепкалар таратты. Бұл бастама салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Жаңа мектеп заманауи жабдықтармен, кең сыныптармен және барлық қажетті инфрақұрылыммен қамтылған. Мұндай білім ошағы балалардың сапалы білім алуына үлкен мүмкіндік береді.
Полиция қызметкерлері оқу жылының басталуына орай балалардың жолдағы қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертіп, ата-аналарды да сақ болуға шақырды. Әсіресе мектепке барар жолда жаяу жүргіншілер өткелін пайдалану, жолда телефонға алаңдамау, жол белгілерін сақтау, сондай-ақ бөтен адамдармен сөйлеспеу сияқты қарапайым, бірақ маңызды ережелерді еске салады.