Полиция павлодарлық жүргізушілерге қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығы туралы ескертті
Полиция павлодарлық жүргізушілерге қауіпсіздік белдігін тағудың маңыздылығы туралы ескертті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биылдың өзінде 3 357 жүргізуші көлікте қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл – жол қозғалысы ережелерінің маңызды, бірақ жиі ескерілмейтін тармақтарының бірі.
Қауіпсіздік белдігі – көлік апаты кезінде жүргізуші мен жолаушының өмірін аман алып қалуы мүмкін басты құрал. Дегенмен, көптеген азаматтар бұл қарапайым ережені сақтаудан бас тартып, түрлі сылтаулар айтады: қозғалысқа кедергі келтіреді, ыңғайсыз, ұмытып кеттім, уақыт тығыз болды дегендей.
Алайда, бұл ережені елемеудің салдары кейде орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Әсіресе көлікте балалар болған жағдайда, қауіпсіздік белдігін тақпау аса қауіпті. Жол апаттарының көпшілігінде белдік тақпағандар ауыр жарақат алады немесе мерт болады. Сондықтан бұл ережеге салғырт қарауға болмайды.
Заңнамаға сәйкес, қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады. Ал бір жыл ішінде бұл тәртіп бұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі екі есеге артады.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін бұлжытпай сақтауға шақырады. Жүргізушілерге тек өздерінің ғана емес, көлік ішіндегі барлық жолаушылардың да қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндет екенін ескертеді.