Полиция павлодарлықтарды алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырды
Полиция павлодарлықтарды алаяқтардың арбауына түсіп қалмауға шақырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала тұрғынына алаяқ қоңырау шалды. Қоңырау күндізгі уақытта түскен. Тұтқаның арғы жағындағы ер адам өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, әйелдің шотынан алаяқтар ақша шешіп алмақ болғанын айтып, қаржысын сақтап қалғысы келетінін жеткізеді. Бейтаныс адамның сөзіне сенген әйел ақырында бар жинағынан айырылып қалған.
Полиция департаментінің күнделікті мәліметтерінде интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері жайлы ақпарат жиі кездеседі. Құқық қорғау органдары азаматтарды қаскөйлердің түрлі айласына алданбауға, әрдайым сақ болуға шақырып келеді. Дегенмен, жәбірленушілер саны жыл сайын артып отыр. Мәселен, 2025 жылдың басынан бері Павлодар облысында 1137 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген, оның 830-ы Павлодар қаласында, ал 184-і Екібастұзда орын алған.
Ақпараттық қауіпсіздікті нығайту мақсатында Екібастұз қаласының полиция қызметкерлері Халыққа қызмет көрсету орталығында профилактикалық іс-шаралар өткізіп, азаматтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Әсіресе, егде жастағы тұрғындардың алаяқтар алдында осал болатынын ескере отырып, олармен арнайы кездесулер ұйымдастырылып, қаскүнемдердің жиі қолданатын әдіс-тәсілдері мен қауіпті қалай тануға болатыны жан-жақты түсіндірілді. Келушілерге ақпараттық мазмұндағы жадынамалар мен кеңестер жазылған парақшалар таратылды.
Полиция тағы да тұрғындарды сақ болуға шақырып, телефон арқылы немесе мессенджерлерде жеке деректерін, банк картасының мәліметтері мен SMS арқылы келетін құпия кодтарды ешкімге хабарламауды ескертеді. Егер біреу өзін банк, полиция немесе басқа бір мекеменің өкілі ретінде таныстырса, үрейге бой алдырмай, әңгімені дереу тоқтату қажет.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық әрекеттер үшін айыппұл салудан бастап, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Бұл жаза жасалған әрекеттің ауырлығына және келтірілген залалға байланысты белгіленеді.
Егер сіз интернет-алаяқтардың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, 102 нөміріне қоңырау шалыңыз немесе "Police 102" мобильді қосымшасы арқылы хабарласыңыз.