Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция пробациялық есепте тұрған азаматтарды қылмыс жасамауға бейімдеу мақсатында форум өткізді

Полиция пробациялық есепте тұрған азаматтарды қылмыс жасамауға бейімдеу мақсатында форум өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Төлеби аудандық полиция бөлімінің ұйымдастыруымен бұрын сотты болған және пробациялық есептегі тұлғалардың қайта қылмыс жасауының алдын алу, оларды қоғамға қайта бейімдеу мақсатында “Өшпес үміт - жарқын болашақ” форумы өтті.

Форумға белгілі қоғам қайраткері ҚР Еңбек сіңірген әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, қоғам қайраткері ҚР Парламенті Мәжілісінің IV шақырылым депутаты Нұрлан Өнербаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІІ, IV шақырылымындағы депутаты "Құрмет" орденінің иегері Сәуірбай Есжанов, зиялы қауым өкілдері, тұрғындар мен есептегі тұлғалар қатысты.

Ауқымды шараның шымылдығы Ж.Шанин театрының “Өшпес үміт” атты әсерлі сахналық қойылымымен түрілді.

Аудандық сот төрағасы Ғ.Байарыстан, прокурор Д.Мырзағали, полиция бөлімінің бастығы Ғ.Қуашбаев баяндама жасап, есептегі тұлғалардың қайта қылмыс жасауының алдын алуда атқарылатын іс-шаралармен бөлісті.

Ауданның бас полицейі Ғалымжан Қуашбаев өз сөзінде есептегі тұлғаларға әр қате – түзетуге мүмкіндік. Қайта бастау – әлсіздік емес, ерлік екенін алға тартты. Форум барысында айтылған әрбір ұсыныс, көзқарас пен ой-пікір – еліміздің өркендеуіне бағытталған қадамдардың бастауы боларына сенім білдірді.

- Бүгінгі форум есептегі тұлғаларға ғана емес, жалпы аудан халқына серпіліс беретін жиын болғанын жеткізді. Қоғамнан шет қалған жандарды қайта ортаға тарту, мәдени-рухани қолдау көрсетуді ұсынды, - деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Қоғам қайраткері Нұрлан Өнербаев аталмыш форумның өзектілігіне тоқталды. Сондай-ақ маңызы зор жиында туған жеріне зор сағынышпен келгенін, аудан халқының ыстық ықыласына бөленгендегі әсерімен бөлісті.

Меценат, ҚР Парламенті Мәжілісінің ІІІ, IV шақырылымындағы депутаты Сәуірбай Есжанов туған жердің төл перзенті ретінде прбациялық есептегі азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне тоқталып, еңбек етуге шақырды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру