Полиция Қостанай жағажайларындағы рейдтерді күшейтті
Полиция Қостанай жағажайларындағы рейдтерді күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаздың аптап ыстығында көпшілік жағаға асығады. Күн шуағы, су сергітетін ауа және көңілді демалыс — жаз мезгілінің ең жағымды көріністері. Алайда, дәл осындай көңілді сәттерде бейқамдық пен салғырттық қайғылы жағдайларға себеп болуы мүмкін.
Осыны ескерген полиция қызметкерлері мен төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) мамандары Қостанай қаласының жағажайларында кезекті бірлескен профилактикалық рейд жүргізді. Негізгі мақсат — азаматтарға суда өзін-өзі ұстау ережелерін еске салып, төтенше жағдайлардың алдын алу.
Рейд бастала салысымен тәртіп бұзушылар анықталды. Мас күйінде дау шығарып, тыныштықты бұзған екі демалушы полиция қызметкерлерімен ұсталып, арнайы айықтырғышқа жеткізілді. Патрульдік полиция инспекторы Аханболат Мұхамбетуәлиевтің айтуынша, биылғы шомылу маусымы басталғалы бері Қостанай облысының жағажайларында осындай 100-ге жуық құқық бұзушылық тіркелген.
Рейд барысында балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Ювеналды полиция инспекторлары ата-аналарға кәмелетке толмаған балаларды үлкендердің қарауынсыз суға жібермеу қажеттігін ескертті. Өйткені, тыныш көрінген су айдынының да жасырын қауіптері бар.
— Біздің мақсатымыз — жазалау емес, алдын алу. Су айдындарында болатын жазатайым жағдайлардың көпшілігі қарапайым ережелерді сақтамаудан туындайды. Профилактика — өмір мен денсаулықты сақтаудың ең тиімді жолы, — дейді полиция қызметкерлері.
Қостанайдағы осындай алдын алу шаралары мен рейдтер шомылу маусымы аяқталғанға дейін жалғаспақ. Тәртіп сақшылары мен құтқарушылардың ортақ тілегі — әрбір тұрғынның қауіпсіз әрі тыныш демалысы. Суға түсер алдында қауіпсіздік ережелерін есте сақтау – әр азаматтың жеке жауапкершілігі.