Полиция қызметі мен ұлттық тәрбиені ұштастырған өнегелі отбасы
Қызмет пен отбасылық құндылықтарды үйлестіріп, жас ұрпаққа үлгі болып жүрген жандардың бірі — Қаратал аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Нұрман Умаровтың отбасы. Полиция қызметі мен ұлттық тәрбиені ұштастырған өнегелі отбасы туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Нұрман Исатайұлы Көксу ауданы Қойбыш ауылында дүниеге келген. 2013 жылдан бері ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарып келеді. Бүгінде Қаратал аудандық полиция бөлімінде әкімшілік тәжірибе инспекторы лауазымында еңбек етуде. Қызмет барысында бірнеше алғыс хаттар мен грамоталарға ие болған тәртіп сақшысы — жауапкершілігі жоғары, тәжірибелі маман.
2014 жылы Панфилов ауданы, Жаркент қаласының тумасы Айгерім Нұрланқызымен отау құрып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Бүгінде олар екі бала тәрбиелеп отыр. Ұлдары Мансұр – білімге құштар, спортқа бейім мектеп оқушысы. Ол облыстық және аудандық байқаулардың жүлдегері атанып жүр. Қыздары Айсана балабақшада тәрбиеленіп жатыр.
Умаровтар жанұясы қоғамдық өмірге белсенді араласады. 2023 жылы "Отбасы күніне" орай ұйымдастырылған облыстық "Жанұялы эстафета" байқауында жүлделі 2-орынға ие болса, 2024 жылы "Әкем, шешем және мен" атты спорттық жарыста белсенділік танытып, Алғыс хатпен марапатталған.
Отбасының басты ұстанымы — ұлттық тәрбие мен рухани құндылықтарды сақтау. Олар бала тәрбиесінде отансүйгіштік, сыйластық, ізгілік сынды асыл қасиеттерге ерекше мән береді.
Нұрман Исатайұлының жанұясы — қызмет пен сүйіспеншілікті, тәртіп пен тәрбиені қатар ұстанған өнегелі отбасының жарқын үлгісі.