Полиция қызметіндегі психолог маманның бір күні
Адамды жан тәнімен түсінетін психолог полицияда қызмет етеді, Ол туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.
Айғаным Шалқарбек Астана қаласы полиция департаментінің патрульдік полиция батальонында инспектор болып қызмет етеді. Ол көп оқып, ізденгенді, білім алғанды, әрі күнделікті таза ауада серуендеп, демалыс уақытында табиғат аясында уақыт өткізгенді ұнатады. Полиция қызметі – өжеттілікті, қайсарлықты, іскерлік пен білімділікті, ер мінезділікті талап ететін ауыр мамандық. Өзіне жүктелген міндетті кәсіби шеберлікпен жоғары деңгейде орындап, оны асқан жауапкершілікпен атқару оңай емес.
- Қыз баланың тәрбиесі – халықтың ең қымбат байлығы екені бәріне белгілі. Әкем мен анам жастайымнан қыз баланың тәрбиесіне аса жоғары көңіл бөлу керектігін айтып отыратын. Өзімде өсе келе психологияға қызығушылық танытып, білім алсам да, білімнің бастауы – тәрбиеде дегендей, тәртіп сақшысы әрі психолог атандым, – дейді Астана қаласы полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспектор-психологі Айғаным Шалқарбек.
Әйел азаматы, нәзік жанды болғандықтан жұмыста қиындықтар туындайды. Дегенмен, оның қиыншылықтарымен қатар қызықтары да көп. Өмірлік сабақ алатын оқиғалар болады.
- Инспектор-психолог ретіндегі мақсатым – әр адам өз қадірін, құндылығын түсініп, өзін бағалай білуіне себепкер болу. Бұл өте жанды жұмыс. Өйткені ол күнделікті қарым-қатынаспен байланысты. Ал қызметкерлер өте әртүрлі. Әркімге өз көзқарасы қажет, сондықтан әртүрлі кейіпте әрекет етеді: психолог ретінде де, тәлімгер ретінде де, тәрбиеші ретінде де, - дейді Айғаным.