Полиция қызметіне қабылдау: Павлодарда онлайн өтінім және кадрлық саясаттағы жаңа бағыттар туралы айтылды
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Жандос Орумбаев полиция ведомствосында кадрларды іріктеу бағытында жүргізіліп жатқан іс-шаралар туралы баяндады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Спикердің айтуынша, кадр аппаратының қызметі тәрбиелік және кадрлық жұмыстың негізгі міндеттерін орындауға бағытталды. Атап айтқанда, кәсіби өзекті нығайту, кадрлардың тұрақсыздығын және ауысуын төмендету, сондай-ақ жеке құрам тарапынан тәртіп пен заңдылықты сақтау басты назарда болды. 2025 жылғы 1 қарашадан бастап республика бойынша ішкі істер органдарына қабылдау бойынша "Qyzmet-police.kz" сайты арқылы онлайн форматта өтінім қабылдау сервисі іске қосылды. Енді азаматтар полиция қызметіне қабылдану үшін электронды түрде өтініш бере алады.
Полиция департаменті ішкі істер органдарына қызметке жасы отыз беске толмаған, белгіленген біліктілік талаптарына сай келетін және полиция қызметіне жарамды деп танылған жастарды қабылдауды жүзеге асырады.
Қазақстанда құқық қорғау органдарына кәсіби кадрлар даярлаумен қазіргі таңда төрт жоғары оқу орны айналысады. Олар: Алматы қаласындағы Мақан Есболатов атындағы академия, Қарағанды қаласындағы Б.Бейсенов атындағы академия, Қостанай қаласындағы Ш.Қабылбаев атындағы академия және Ақтөбе қаласындағы М. Бөкенбаев атындағы заң институты. Құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарына орта білімі бар, он алты жасқа толған тұлғалар қабылдана алады.
– Полиция қызметіне орналасу үшін кез келген ішкі істер бөлімінің кадрлық бөлімшесіне жүгіну қажет. Онда қабылдау тәртібі, шарттары және қажетті құжаттар толық түсіндіріледі. Сонымен қатар үміткер медициналық комиссиядан өтіп, ҰБТ тапсыруы тиіс, – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері Ұлттық ұланның әскери бөлімдерінен босатылатын азаматтармен және жастармен полиция қызметіне қабылдау мәселелері бойынша кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағытта бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылып, жалпы білім беретін мектептердің бітіруші сынып оқушыларымен кездесулер және ашық есік күндері өткізілуде.
Кәсіби кадрлық өзекті сақтау мақсатында Торайғыров университетімен меморандум жасалып, оның аясында "Жас заңгер" заң клубы құрылды. Аталған клубта құқықтану кафедрасының студенттері тергеушілер мен криминалистердің жұмыс дағдыларын меңгеріп, алдағы уақытта жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
