Полиция қызметкері Халықаралық жарыста ел намысын қорғады
Полиция қызметкері Азия кубогында ел намысын қорғады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы ойшыл, кемеңгер ақын Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай 13–15 желтоқсан күндері Қарағанды қаласында дзюдо, самбо және қазақ күресінен Азия кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Халықаралық жарысқа Қазақстанмен қатар Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Грузия мемлекеттерінен 300-ден астам мықты спортшы қатысып, өзара бақ сынады.
Аталған беделді жарыста Астана қаласы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының аға инспекторы Әділхан Аманбаев жоғары нәтиже көрсетті. Ол самбо күресінен 79 келі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болып, қазақ күресінен қола медаль жеңіп алды.
Қос бірдей спорт түрінен жүлделі орыннан көріну — спортшының жан-жақты дайындығын, жоғары физикалық төзімділігі мен мықты рухын айқын дәлелдейді.
Полиция капитаны Әділхан Төлеуханұлы ішкі істер органдарында 2014 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Қызметтік міндеттерін абыроймен атқара отырып, спорт арқылы салауатты өмір салтын насихаттап, жастарға өнеге көрсетіп жүр. Оның бұл жетістігі — ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби даярлығы мен жоғары тәртіптілігінің, сондай-ақ спортқа көрсетіліп отырған жүйелі қолдаудың нақты нәтижесі.
Астана қаласы полиция департаменті әріптесін халықаралық деңгейдегі жарыста көрсеткен жоғары жетістігімен құттықтап, алдағы уақытта да толағай табыстар мен жаңа жеңістер тілейді.
