Полиция қызметкері Елбасымен кездесуі туралы айтып берді
Қайтыс болған полицейдің жесірі, қазір полиция қызметкері Айжан Әбішева өзінің Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуі туралы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция майоры Айжан Әбішева қазір Алатау аудандық Полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінде жұмыс істейді. Ол полицияда тоғыз жылдан бері қызмет етеді.
Ол ішкі істер органдарына қызметке 2011 жылы өзінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан күйеуі полиция лейтенанты Ришад Әбішевтің қайғылы қазасынан кейін келген.
2011 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен қылмысқа қарсы күресте көрсеткен батылдығы мен ерлігі үшін полиция лейтенанты Ришад Әбішев 2 дәрежелі «Айбын» мемлекеттік наградасымен марапатталды.
– Біздің екі қызымыз бар. Сол кезде олар әлі кішкентай еді. Мен күйеуімнің кәсібін жалғастыруға бел будым, сол себепті мен ішкі істер органдарына қызметке кірдім. Қызметімді ювеналды полициядан бастадым. Мені қазіргі министр Ерлан Тұрғымбаев жұмысқа қабылдады, сол кезде ол Алматы қалалық Ішкі істер департаментін басқарды. Ол жағдайымды түсініп, менің Ришадтың жолын жалғастыру туралы тілегімді бағалады және мені қолдады. Оған деген алғысым шексіз, – деді Айжан.
2019 жылы Айжан Әбішева Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевпен Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұйымдастырылған дәстүрлі кездесуге қатысты.
– Өте әсерлі болды. Бұл кездесу соншама қуаныш пен бақыт әкелді. Көктемгі қабылдауға келген әйелдер ән айтып, өлең оқыды. Кешке біз үшін концерт ұйымдастырылды. Мақтаныш сезімі әлі күнге дейін басым, – деп қорытындылады Айжан Әбішева.