Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полиция қызметкері "Түйе палуан" атағын жеңіп алды

Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына арналған дәстүрлі додада полиция қызметкері Алмас Жұмағали түйе палуан атанып, бас жүлдені жеңіп алды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

20-22 қыркүйек аралығында Қостанай облысының Жанкелді ауданында Міржақып Дулатовтың 140 жылдығына орай қазақ күресінен республикалық турнир өтті.

Жарыстың ең тартысты сәті – "Түйе палуан" санатындағы алыптардың айқасы болды. Осы белдесуде Ақмола облысы ПД жедел қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы Алмас  Жұмағали әділ әрі қарқынды жекпе-жекте қарсыластарын жеңіп, турнир чемпионы атанды.

Алмас Жұмағали – қазақ күресінен спорт шебері. Ол бұған дейін 2025 жылғы Қазақстан чемпионатының және ҚР ІІМ чемпионатының жеңімпазы атанып, самбодан ҚР ІІМ чемпионатының жүлдегері болған.

Бұл жолғы жеңіс те елеусіз қалған жоқ: чемпионға бас жүлде – жаңа Chevrolet Cobalt автокөлігі табысталды.

– Қазақ күресі мен үшін тек спорт емес, ол – ұлттық рухтың айнасы, ішкі күштің қайнар көзі. Өз өңірімді ғана емес, құқық қорғау органдарын да жоғары деңгейде таныта алғаныма мақтанамын, – деді полиция капитаны.

Аталмыш турнир еліміздің түкпір-түкпірінен ең үздік палуандарды жинады. Алмас Жұмағалидың жеңісі – ішкі істер органдары қызметінің тек тәртіп пен заңға адалдық емес, сонымен қатар рух биіктігі, табандылық пен ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенінің жарқын дәлелі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру